Құрметті отандастар!
Қазақстан халқы Ассамблеясы 5 маусым күні Ақтөбе қаласында болған экстремистік әрекеттерді қатаң айыптайды.
Әлемдегі барша мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталар тұста орын алған жантүршігерлік оқиға біздің баршамызға, Қазақстан халқына сын-қатер.
Мұндай әрекеттер қай жерде, қашан болса да адамдардың арасында қорқыныш пен сенімсіздік, үрей тудыру, елдің бірлігі мен тұтастығына нұқсан келтіру үшін жасалады.
Қазақстан халқы біртұтас ел, өз Отанының патриоттары ретінде осынау тағылық оқиғаны бірауыздан қатаң айыптайды.
Жағдайды тұрақсыздандыру, еліміздегі татулық пен келісімді шайқалту мақсатындағы кез келген қадамға біз бірлік, қоғамдық келісім және азаматтық патриотизм қағидаларына адалдығымызбен қарсы тұрамыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі тұрақтылықты шайқалту жолындағы кез келген әрекетті үзілді-кесілді айыптайды және барша халқымызды қауіпсіз, өркендеген және тұрақты Қазақстанды нығайтып, дамыту жолындағы Елбасының сындарлы саясатының айналасына ұйыса түсуге үндейді.
Біздің әрқайсымыз қазір қырағылық пен сабырлылық көрсетуге, асқақ азаматтық парыз сезімін танытуға, тұрақтылығымызды қорғауға тиіспіз.
Біздің біртұтас халық, өз еліміздің азаматтары және патриоттары екенімізді барша жұртшылық білетін болсын!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі
2016 жылғы 6 маусым